Қылаудай кіршіксіз, ешбір есепсіз, ешқандай саясатсыз саф сезімнің иесі бар болса - ол менің Анам, ол сенің Анаң, ол оның Анасы... Тек ананың ғана мейірімі - өзгермейтін, алдамайтын махаббат. Әрине әкелік сезім де бұл деңгейден төмендемек емес. Бірақ аналық жақсы көру мен аналық сағыныштың қасында дүниедегі ешбір ақыныңның, ешбір ғашығыңның болсын ынтық зары, еміреніп-емексуі бос құты секілді салмақсыз дер едім! Ана жайлы толғанысқа тіл жетер ме? Жүрегім шын елжірейтін жылдың бір датасы - желтоқсанның бесі - Анамның туған күні. Аллаға шүкір, 48 жасқа келді анашым. Алла әкем екеуінің ғұмырларын ұзақ ете көрсін! Туған күніңізбен, Ана!
Аяулы ана
Сен арқылы ғаламның әнін,
Жүрегіме құйып келемін.
Ары сұлу адамның бәрін,
Сен арқылы сүйіп келемін.
Айнадайын терең сезімді,
Бар асылдан жиып теремін.
Айналайын деген сөзіңді,
Бар биіктен биік көремін.
Әлі күнге ақ жүрегіңмен,
Алаңдайсың жаныма, ана.
Мән іздеген жанмын өмірден,
Үміт артып жолыма қара.
Сезімде - мұң
Көңілде - қырау,
Дәл өзіңдей өмірде мынау
Мені біреу сағына ала ма?!
Сағына ала ма, аяулы ана, аяулы Ана!
Бақыт мынау арманның гүлі,
Уақыт мынау санаулы ғана.
Мені ойлап жалғанның мұңы,
Жүрегіңе ораулы, ана.
Жүрегіңді сезінбей болмас,
Жанып-күйген алау жылдарға.
Өмір мынау өзіңдей болмас,
Өмірден де аяулы Ана!!! 2013 ж —--------
(с) Еркебұлан Кенехан
Әні: Ерғали Көшербаев